Футбол • 26 Наурыз, 2018

Стойлов құрамаға серпіліс әкелді

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан құрама командасы жаңа бапкер Станимир Стойловтың баптауымен алғашқы ойынын өткізді. Жолдастық кездесу болса да, жерлестеріміз жеңіске жетіп, жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. Жеңіске сусап қалған құрамамыздың бұл ойыны, сонымен қатар бірнеше рекордты жаңартты.

Стойлов құрамаға серпіліс әкелді

Соңғы төрт жылдың көлемінде Қазақстан футболына жаңа леп ала келген болгариялық бапкер Станимир Стойлов «Астана» клубындағы қызметінен кетіп, ұлт­тық құраманың тізгінін ұстағаны белгілі. Құрама алғашқы жолдастық кез­де­суді Венгрия командасымен өткізді. Қазақстан құрамасы 2014 жылы өткен жол­дастық ойында 3:0 есебімен ойсы­рай жеңілген еді. Міне, араға төрт жыл салып қайта кез­дес­кенде 3:2 есебімен жеңіс­ке жетті.

Ойынның өзі біз үшін сәтті басталды. Бауыржан Исламхан көтерген бұрыштамадан Роман Мұртазаев есеп ашты. Араға төрт минут салып Бахтиер Зайнутдинов есепті еселей түсті. Бұл құрамаға енді ғана қосылған жас футболшының дебюттік ойы­нындағы тұңғыш голы болды. Жалпы, айта кетуіміз керек Қа­зақстан құрамасының қа­тарына алына салып, ә дегеннен гол соққан футболшылар саусақпен санарлық. Олар Бақ­тияр Байсейітов, Нүркен Мәзбаев, Владимир Нидергаус, Виктор Зу­барев секілді санаулылар ғана. Ал олардың қатарына бұл ойында тек Зайнутдинов қана емес, Еркебұлан Сейдахмет те еніп отыр.

Кездесудің 21-минутында алғыр шабуылшы Адам Салай гол салған соң, Сейдахмет те бір серпіліп, қақпаға допты дәл ба­ғыт­­таған болатын. Ойын­ның жар­ты сағаты өте берген тұста есеп 1:3 бо­лып, біздің пайда­мызға жазылып тұрды. Жақын­да ғана ресейлік клубтың қатары­на ауысқан Сей­дахмет туралы «Егемен Қазақ­стан» газеті алғаш­қы­лардың бірі болып репортаж берді. Газет тілшісі ар­найы Баш­құрт­стандағы «Уфа» клу­бының ойы­нын тамашалап, Ерке­бұ­ланмен сұхбаттасып қайтқан еді. Жұрт жақтаған жас жігіт құрамаға алына салып, бірден өзінің ерек ойыншы екенін көрсете білді. Ендігі бар үміт осылай өсіп келе жатқан жастарда екенін жалпақ жанкүйер кешегі ойыннан анық сезді-ау деп отырмыз.

Одан бөлек Станимир Стойлов Могомед Парагульгов, Юрий Перцух секілді жастарды да алаңға шығарып, бір тексеріп алды. Бұл дегеніміз, бұрынғы жеңілістерді ұмытқан, жеңімпаздық рухы бар жаңа құрама команда жасақталып жатыр дегенді айғақтайды. Болгариялық бапкер енді бүгін тағы бір сыннан өтпек. Венгрия жерінде өтетін келесі ойында отандастарымыз Станимирдің жерлестеріне қарсы тұрады. Болгария құрамасы біз Венгрияны ұтқан күні Босниямен ойнап жеңіліп қалды. Демек алдағы ойын қазақ футболшыларының қарымын көрсетеді.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»